CaspianLife, 6 желтоқсан. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект бойынша мамандандырылған университет құрылады. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Саясат Нұрбек университет индустрияның сұранысына сай пәнаралық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға, сондай-ақ қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағдарланатынын атап өтті. Жаңа оқу орны Alem.ai экожүйесіне интеграцияланып, жетекші шетелдік университеттер мен технологиялық компаниялармен әріптестікте дамитын болады.
«Қазіргі таңда жасанды интеллектті дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Жасанды интеллект университетін құрумен қатар бірқатар жүйелі шараларды іске асыру міндеті тұр. Негізгі мақсат – профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100% қамту және AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асырып, 100 мың студентті қамту», – деп қосты Саясат Нұрбек.
(Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған)

