CaspianLife,6 желтоқсан. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы №1-ПГСВ қаулысымен елімізде шайдың кейбір түрлерін әкелуге және сатуға уақытша санитариялық шектеулер енгізілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл шектеулер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ Кеден одағының техникалық регламенттерінің: «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (ТР ТС 021/2011), «Азық-түлік қоспаларының, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздік талаптары» (ТР ТС 029/2012), «Азық-түлік өнімдерін таңбалау талаптары» (ТР ТС 022/2011) талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты енгізілген.
Бақылау мақсатындағы сатып алу және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу барысында құрамында тағамдық бояғыштар — сары «күн батар» (Е110), тартразин (Е102), понсо 4R (Е124) бар қара шайлардың өндіріліп, сатылғаны анықталды. Аталған бояғыштарды шай құрамында қолдануға рұқсат етілмейді.
Сонымен қатар, шай қаптамаларында өндіріс пен қаптау орындарының жалған мекенжайлары көрсетілгені белгілі болды. Бұл қызметті жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екенін көрсетеді. Аталған жайттар санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы тексерулер барысында анықталған.
Осыған байланысты келесі атаудағы қара шайларды әкелуге және сатуға тыйым салынды:
— «Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat Golg», «БАЛҚИЯ Premium Gold», өндіруші — «Orda Trade Astana» ЖШС (Алматы облысы);
— «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», өндіруші — «Real Trade Astana» ЖШС (Астана қ.);
— «БАЛҚИЯ Premium gold», өндіруші — «Аль-Хадия» ЖК (Алматы қ.);
— «Aje Onim», өндіруші — «Орда Чай» ЖК (Алматы қ.), «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша;
— «Al-Hayat Golg», өндіруші — «Empire KENIY E.P.Z. Limited» (Алматы облысы);
— «Al-Jannat Premium», өндіруші — «Ferdaus» ЖК (Алматы қ.);
— «Alfarah» (өндіруші қаптамада көрсетілмеген).
Толық ақпарат Комитеттің ресми сайтында жарияланған.

