Caspianlife, 5 желтоқсан. «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы баға мен тарифтерге қысым жасап отырған экономикалық реформалар туралы сұраққа жауап берді.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, реформалар қоғам тарапынан жиі түсінбеушілікке, қарсылыққа ұшырайды. Сондықтан бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алатын көшбасшының рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Мемлекет басшысы ретінде бұл жауапкершілікті өзіме аламын және алдағы уақытта да алуға дайынмын. Менің қасымда жұмыс істейтін адамдар мұны жақсы біледі. Сонымен қатар, бұл көптеген кедергілері бар ауыр жол екенін де түсінемін. Тарих реформаторларға қарағанда жаулаушылар мен популистерге мейірімдірек келеді. Бірақ Қазақстанның басқа жолы жоқ: біз орнында тұрып қалмай, алға жылжу үшін реформалар жүргізуіміз керек.
Азаматтарға зиян келтірмеу мақсатында әкімшілік әдістермен қысқы кезеңде тарифтердің өсуі уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге Үкіметке бюджет қаражатын ұтымды пайдалану міндеті қойылды. Экономиканы инфляцияны қоздыра отырып, ақшамен «толтыра беруге» болмайды. Қатаң бюджеттік тәртіп қажет. Қаржы ресурстары тек мемлекетке қажет жобаларға бағытталуы тиіс. Өткен жылдың қарашасында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үш жылдық бағдарлама қабылдады. Ол инфляцияны төмендетуге бағытталған, бұл азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыс тұзағына» түскенін орынды айтып жүр. Ашығын айтсам, бұл экономикалық оқулықтардағы абстрактілі ұғым емес, көптеген отандастарымыз күнделікті бетпе-бет келіп отырған шынайы жағдай. Табыс бар, кейде аз да емес, бірақ ол инфляция мен міндеттемелерге — ипотекаға, балалардың біліміне, ата-аналарға көмекке — сіңіп кетеді. Кез келген тосын жағдай, мейлі ол ауру немесе жұмысынан айырылу болсын, тұрмыстық тұрақтылықты шайқалтуы мүмкін.
Бір кездері азаматтарға зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға, балалардың оқуына, емделуге пайдалануға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадым. Көпшілік бұл мүмкіндікті пайдаланып, алғысын білдірді. Алайда, әдеттегідей, алаяқтар да табылды: олар стоматологиялық қызмет көрсету сылтауымен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды. Қазір бұл іспен күштік құрылымдар айналысып жатыр. Осыған байланысты медициналық қызметтің бұл түрін жабуға тура келді, бірақ кейін басқа да айла-тәсілдер, тіпті пластикалық операцияларды төлеуге дейін қолданылды.
Ал бизнес жұмыс орындарын құрып, салықты адал төлеп отыр, бірақ қымбат несиелер мен айналым қаражатының шектеулілігі оның ауқымын кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік бермей отыр.
Экономикамыздың құрылымы өзгеріп келеді, бірақ менің ойымша, бұл тым баяу қарқынмен жүріп жатыр. Соның салдарынан, халықаралық қаржы институттары мен рейтингтік агенттіктердің бағалауынша, еліміз табысты, тіпті бай мемлекет ретінде көрінеді, бұл шындыққа сай. Алайда экономиканың ішінде шұғыл түрде түзетуді, «түзуін» қажет ететін теңсіздіктер сақталуда. Біз бұл жағдайды көріп отырмыз және жасыруды мақсат етпейміз. Мұндай мәселеге көптеген елдер тап болады. «Өсу ауруын» біз міндетті түрде еңсереміз. Іс-қимыл жоспары бар».
(Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатының толық мәтіні Ақорданың сайтында жарияланған)

