Caspianlife, 5 желтоқсан. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл бойы ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарғысын 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері 110%-дан 118%-ға дейін өсіп, 60 005 теңгені құрайды.
«Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылы бюджеттен төленетін зейнетақысы 171 588 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өсім ескерілгенде, аталған зейнеткердің жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге болады. Айта кету керек, бұл сомаға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді», – деп нақтылады министрлік.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өседі:
— 1, 2, 3-бала туған кезде берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге,
— 4 және одан да көп бала туған жағдайда 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;
— Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы (балалар санына байланысты):
4 баласы бар отбасылар үшін – 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге,
10 баласы бар отбасылар үшін – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі;
— I топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге,
II топ – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге,
III топ – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін арттырылады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10%-ға көбейтілді. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша түрде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және төмендегі көрсеткіштерге байланысты:
— соңғы екі жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа,
— еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттеріне,
— асырауындағы адамдардың санына,
— міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен табысты алмастыру деңгейіне.

