CaspianLife, 24 желтоқсан. Бұл туралы кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) алаңында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Өңір басшысы облыстың 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырып, алдағы стратегиялық жоспарлар жөнінде баяндады. Ағымдағы жылы Маңғыстау облысында экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр: өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 трлн теңгеден асты, инвестициялар көлемі 105,4%-ға өсіп, 949,9 млрд теңгені құрады. Құрылыс, көлік, сауда және байланыс салалары да тұрақты даму кезеңінде.
«Соңғы үш жылда Маңғыстау облысына шамамен 3 трлн теңге инвестиция тартылды. Тек бір жылдың ішінде өңірге 3 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция келді. Жалпы, 2026–2032 жылдар аралығында жалпы құны 10 трлн теңгені құрайтын, 8,8 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 55 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 19 жоба пайдалануға берілді», — деп көрсетілген облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы туризм саласында да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Өңір шетелдік туристерді қабылдау бойынша елдегі ТОП-3 аймақтың қатарына енді. 2025 жылдың 9 айында облысқа 350 мыңнан астам турист келген, көрсетілген қызмет көлемі 17,2 млрд теңгені құрады. Туризмді дамыту мақсатында Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу елді мекендеріндегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, Кендірлі әуежайының құрылысы басталды. 2025–2029 жылдар аралығында жалпы құны 198 млрд теңгені құрайтын 17 туристік жобаны іске асыру жоспарланған.
Агроөнеркәсіптік кешенде де оң өзгерістер байқалады. Биыл бұл салада 38 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Маңғыстау облысы елімізде түйе шаруашылығы бойынша көш бастап тұр: өңірде шамамен 95 мың түйе бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес, түйе сүтін терең өңдеуге бағытталған, экспортқа бағдарланған үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Каспий теңізі акваториясында балық шаруашылығы мен балық өсіруді дамыту үшін шетелдік инвесторлар тартылуда. 2027 жылға дейін аквакультура саласында төрт ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Солардың бірі — «Organic Fish» жобасы жылына 5 мың тоннаға дейін албырт тұқымдас балық өсіруге мүмкіндік береді.
Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын шағын және орта бизнес жалпы экономиканың 40%-ын құрайды. Соңғы 11 айда кәсіпкерлік субъектілері 1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Инфрақұрылым саласында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 97%-ы жақсы жағдайда. Маңызды транзиттік торап саналатын Маңғыстау облысы жүк айналымының көлемін де тұрақты түрде арттырып келеді.

