CaspianLife, 23 желтоқсан. Атырау облысында магистральдық құбыржолдарды (этан, пропан) салуға арналған EPC-келісімшарт жасалды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, «KMG PetroChem» ЖШС China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. жетекшілік ететін консорциуммен EPC-келісімшартқа қол қойды. Консорциум құрамына сондай-ақ CITIC Construction Co., Ltd. және «ЧППИ Қазақстан» ЖШС кіреді.
Келісімшартта жобалық құжаттаманы әзірлеу, жабдықтарды сатып алу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру көзделген. Жобаны іске асыру бірыңғай технологиялық тізбекті қалыптастырып, этан және пропан фракцияларын сұйытылған күйде сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Шикізат «Теңізшевройл» ЖШС-нен және Теңіз кен орнында салынып жатқан газды бөлу кешенінен жеткізілетін болады. Одан әрі өнім полиэтилен мен полипропилен өндіретін газ-химия кәсіпорындарына тасымалданады. Осылайша, магистральдық құбыржолдар болашақ өндірістердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін технологиялық циклдің негізгі элементіне айналады.
«Магистральдық құбыржолдар – Қазақстан үшін бірегей жоба: елде алғаш рет этан құбыры мен пропан құбыры бір техникалық дәлізде салынады, әрқайсысының ұзындығы 210 шақырымды құрайды», – делінген хабарламада.
EPC-келісімшарт аясында мердігер отандық өндірушілерді басымдықпен тартуға, сондай-ақ тауарлар, қызметтер мен қосалқы мердігерлерді таңдауда қазақстандық қамту үлесін арттыруға міндетті.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың IV тоқсанында бастау, ал нысанды 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба мұнай-газ химиясы кластерін дамытуға қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастырып, жұмыспен қамтудың артуына, сервистік сектордың дамуына және Атырау облысының экономикалық әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.
«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің анықтамасы:
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны, топтың мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырумен және үйлестірумен айналысады.
China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. (CPP) – мұнай мен газды тасымалдау және сақтау инфрақұрылымын салуға маманданған ірі халықаралық инжинирингтік корпорация. China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясының еншілес ұйымы, 50-ден астам елде жұмыс тәжірибесі бар.
CITIC Construction Co., Ltd. – 2002 жылы құрылған халықаралық инжинирингтік және құрылыс компаниясы, Қытайдың ең ірі мемлекеттік қаржы корпорацияларының бірі – CITIC Group құрамына кіреді. ENR әлемдік рейтингтерінде жетекші орындарға ие.
«ЧППИ Қазақстан» ЖШС – Қазақстан Республикасының аумағында инженерлік-техникалық жобалау және мамандандырылған құрылыс жұмыстары саласында құзыретке ие.

