CaspianLife, 22 желтоқсан. Жемқорлық – бір ғана мекеменің немесе топ адамның мәселесі емес. Ол тұтас қоғамның дамуына тұсау болып, халықтың әділдікке деген сенімін әлсіретеді. Пара беру мен пара алу қалыпты жағдайға айналған жерде дамудың да, сенімнің де болмасы анық. Көп жағдайда жемқорлықты тек мемлекеттік органдармен, сондағы қызметкерлермен байланыстырамыз. Алайда бұл құбылыс қоғамның өзінен басталатынын естен шығарып алатынымыз өтірік емес. «Тезірек бітсін», «жолын тауып көрейік», «жеңіл жағын қарастырайық», «таныс бар жерде мүмкіндік те бар» деген көзқарас жемқорлықтың тамырын тереңдете түссе керек. Адалдықты таңдау – әр азаматтың жеке шешімі және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сол себепті, жемқорлықпен күрес белсенді түрде тоқтаусыз, жан-жақты жүргізілуі керек. Бұл жерде жастардың рөлі ерекше. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі басшы, маман, мемлекеттік қызметкер. Егер адал еңбек, әділ шешім, жауапкершілік сынды құндылық адам бойында неғұрлым ерте қалыптасса, болашақта соғұрлым бұл індеттің алдын алуға болады. Сондықтан мектеп пен жоғары оқу орындарында адалдық мәдениетін насихаттау – формальді шара емес, стратегиялық маңызы бар жұмысқа айналуы керек. Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты қадам жасалып келеді. Мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру, ашық бюджеттік жүйе, онлайн сату-сатып алу – мұның бәрі адами факторды азайтып, заңсыз әрекетке жол бермеуге бағытталған. Сонымен қатар, жауапкершілік те күшейтілді.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 521 қылмыс тіркеліп, 257 лауазымды тұлға әшкереленген, оның 141-і басшылық қызмет атқарыпты. 366 іс сотқа жолданған. Бұл – мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Сонымен бірге, жемқорлықтың алдын алу бағытында жасалған жұмыстың да нәтижесі жаман емес. Мысалы мемлекеттік сатып алуларды бақылау арқылы 21,2 млрд теңге шығынның алдын алу, ал заңсыз шығарылған 1,13 трлн теңгеге жуық активті мемлекетке қайтару – бұл тек жазалау емес, жүйелі жұмыстың көрінісі.
Жемқорлықпен күрес – бір күн немесе бір жыл өткізіп ұмытып кететін науқан емес. Бұл – ұзақ жол. Бұл – сіз бен біздің сана-сенімімізге де байланысты. Егер әр адам өз ісіне адал болып, заңды айналып өтуді емес, сақтауды таңдаса, әділ қоғамға бір қадам жақындай түспекпіз. Қорыта келгенде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — әділ қоғам – парасыз басталады. Ал парасыз қоғам – әрқайсымыздан басталады.

