CaspianLife, 19 желтоқсан. Бұл мәселе бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесуі барысында талқыланды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік аясында Маңғыстау облысы мен француз тарапы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, көлік-логистика саласы, агроөнеркәсіп кешені, туризм, сондай-ақ инвестициялар мен технологиялар трансферті бағыттарына ерекше назар аударылды.
«Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту мәселелері, оның ішінде қой шаруашылығы, ешкі шаруашылығы және түйе шаруашылығында француз тәжірибесін енгізу, сондай-ақ сүт шаруашылығы мен ірімшік өндіру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды», – делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің географиялық орналасуын, Ақтау және Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктерін, сондай-ақ Маңғыстаудың Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТХКД) аясындағы рөлін атап өтіп, бұл факторлар екіжақты әріптестікті дамытуға берік негіз болатынын айтты.
– Маңғыстау облысында көлік және логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені салаларында дамудың жаңа бағыттары қалыптасып келеді. Біз француз компанияларымен өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Маңғыстау облысымен әріптестікті нығайтуға қызығушылық білдірді.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында Маңғыстау облысы мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 3,1 млн АҚШ долларын құраған. Сондай-ақ өңірде экономиканың әртүрлі салаларында француз капиталының қатысуымен бес кәсіпорын тіркелген.

