Caspianlife, 15 желтоқсан. Өндірістік нысандарды жаңарту мақсатында прокуратураның үйлестіруімен және жергілікті атқарушы органның қолдауымен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) №15 мекемесінде (ерлер колониясы) әрқайсысының жалпы аумағы 880 м² болатын екі ангар мен жалпы аумағы 564 м² модульдік ғимараттың құрылысы аяқталды.
Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, өндірістік ангарлар электр қуатымен, жылыту және желдету жүйелерімен, бейнебақылау, өртке қарсы және күзет-ескерту дабыл жүйелерімен жабдықталған. Сондай-ақ санитарлық тораптар мен душ бөлмелері қарастырылған. Әрбір үй-жайда металл шкафтар мен сөрелер орнатылған.
Контейнерлік типтегі бір қабатты модульдік ғимарат әкімшілік нысан болып табылады. Онда кітапхана, кабинеттер, монша, шаштараз, киім ілетін орын және сотталғандарға арналған санитарлық тораптар орналасқан.
«Сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында осы кезеңде бизнес субъектілерімен келісімшарттар жасалды — сегіз жеке кәсіпкер 200 сотталғанды жұмысқа қабылдауға келісті. Ірі өнеркәсіптік өңірдің әлеуетін ескере отырып, әлеуетті жұмыс берушілерді тарту жұмыстары жергілікті атқарушы орган және “Атамекен” ҰКП-мен бірлесіп жалғасуда», — делінген хабарламада.

