CaspianLife, 11 желтоқсан. Бүгін сағат 17:15-те Қарағанды облысындағы Мойынты – Шығанақ учаскесінде, Шешенқара – Қаражангыл аралығында жүк пойызының машинисті шұғыл тежеу қолданған.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының (ҚТЖ) хабарлауынша, Сарышаған станциясының жол жөндеу бригадасы теміржолда жоспарлы рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Қажетті барлық шаралар қабылданғанына қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған. Төрт жұмысшы жарақаттан көз жұмды.
ҚТЖ Басқарма төрағасының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының басшылары бар. Олар жедел түрде оқиға орнына барып, тергеу жұмыстарын бастады.
«Қазақстан темір жолы» АҚ марқұмдардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілетіні хабарланды.

