CaspianLife, 10 желтоқсан. Биыл өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тұрғын үй құрылысы және ауыл шаруашылығы салаларында 100-ден астам нысанның құрылысы басталды.
Облыс әкімінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, өңірде 27 жаңа мектеп, шамамен 30 медициналық мекеме және 27 спорт кешені салынуда. Сонымен қатар үш өнер мектебінің құрылысы жалғасып жатыр.
— Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 5 550 орын болатын 27 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ бірнеше балабақша салынады. Медициналық нысандардың қатарында — аудандық ауруханаға қосымша ғимарат, дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер бар. Бұдан бөлек, спорт кешендері, мәдениет үйлері және ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымдық нысандар салынуда. Барлық жобалар 2025–2026 жылдары кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі және өңір халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Дархан Тілепберген.
Биыл облыста 753,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 12 мың орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталды.
«Бұдан өзге, екі өрт сөндіру депосы, үш ішкі істер органдары ғимараты және бес шекара бекетінің қоршауларына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», — делінген хабарламада.

