CaspianLife, 8 желтоқсан. Атырау қаласы – Атырау облысының әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен бірге өңірдің сәулеттік келбетін айқындайтын, тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы болуы тиіс орта.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, өткен аптада жауапты басшылардың қатысуымен кеңейтілген жиын өтіп, онда Атырау қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралған. Қ.Нұртаевтың атап өтуінше, бас жоспар – бұл қаланы дамытуға арналған кешенді жоспарлауды айқындайтын маңызды құжат болып табылады. Яғни, ол аумақты жоспарлық ұйымдастыруды, функционалды-қала құрылыстық аймақтандыруды, қоғамдық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруды және инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ абаттандыру мен көгалдандыруды қамтиды.
«Жиында біз қаланың бас жоспарының эскиздік жобасын, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты жобалық шешімдерді, көше-жол желісін жан-жақты талдадық және нақты ұсыныстар әзірледік. Жалпы бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталып, 2026 жылы аяқталады.
Кездесу қорытындысы бойынша мен қала әкіміне және тиісті басқарма басшыларына қолданыстағы заңнамаға сәйкес Атырау облысы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобаларын, сондай-ақ тазарту құрылыстарының санитарлық-қорғау аймақтарын айқындайтын құжаттарды бекітуді және сібір жарасы көмілу орындарына қатысты мәселелерді жедел шешуді тапсырдым.
Бас жоспарды әзірлеу барысында қарқынды өсіп келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктері ескерілетін болады. Жоспар тұрғындардың өміріне барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Жұмыс жалғасады және оның орындалуы менің жеке бақылауымда болады», — деп жазды Қайрат Нұртаев.

