Caspianlife, 4 желтоқсан. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтіп отыр.
Бүгін ҚР Бас прокуроры Берік Асылов әлеуметтік желілерде хабарлағандай, арнайы прокурорлар интернет арқылы таралатын есірткіге қатысты бірқатар ірі қылмыстық істің тергеуін аяқтап, сотқа жолдаған.
Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі желісінің қызметі тоқтатылды. Тергеу басқа құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп жүргізілді. Прокуратураның бастамасымен қазақстандық тергеу-жедел тобының құрамына АҚШ-тың Есірткімен күрес басқармасының (DEA) тәжірибелі қызметкерлері қосылған.
300-ден астам адам қылмыстық схемаға қатысқан. Тек екі фигуранттың транзакциялары бойынша айналым 7 млн АҚШ долларынан асқаны анықталды. 24 адам ұсталды, олардың ішінде Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 млн теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Қаржы «дропперлердің» банк карталары мен заңсыз криптобиржалар арқылы өткізілген, ал криптовалюта шетелдік азаматтарға жіберілген.
Тергеу барысында Шымкент аумағында екі есірткі зертханасы анықталып, жойылды. Онда мыналар тәркіленді:
-
6,1 кг дайын мефедрон;
-
330 г сатуға дайындалған есірткі;
-
2,1 тонна прекурсор;
-
есірткі өндіруге арналған зертханалық құрал-жабдықтар.
Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және өзге Telegram-арналарды қолданып, есірткі таратумен қатар, жаңа қатысушыларды оларды өндіру тәсілдеріне үйреткен. Кейбіреулер жеке арналар ашып, негізгі желімен байланысын сақтап отырған. Негізгі желі прекурсорларды жеткізіп, айналымды бақылаған.
Осындай тәсілдер басқа өңірлерде де қолданылды. Улытау мен Маңғыстау облыстарының арнайы прокурорларының басшылығымен тергеу-жедел топтары әлеуметтік желілер арқылы синтетикалық есірткі сатқан екі ірі желінің қызметін әшкерелеп, істерді сотқа жіберді.
Улытау облысында Telegram-наркодүкен «Kaef Mafia» қызметі тоқтатылды.
6 адам қамауға алынды, мемлекет кірісіне 3,2 млрд теңгеден астам қаражат, оның ішінде цифрлық активтер, криптокошельдер және басқа да құндылықтар алынды.
Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» наркодүкенінің қызметі жолы кесілді.
Шымкент қаласында есірткі саудасынан түскен қаражатты банкке өткізу кезінде арнайы прокурорлер Экономикалық тергеу департаменті және Полиция департаментімен бірлесіп:
-
1 млрд 155 млн теңге,
-
176 мың АҚШ долларын тәркіледі.
Сонымен қатар, сот бір жеке кәсіпкердің есепшотындағы 1 млрд теңгеге, сондай-ақ криптокошельдегі 734 228 АҚШ долларына (USDT) тыйым салды.
Берік Асыловтың айтуынша, бұл операциялар — қазақстандық құқық қорғау және арнайы органдардың жүйелі, табанды жұмысының айқын дәлелі. Мыңдаған адам және олардың отбасылары заманның ең қауіпті кеселінің зардабынан қорғалды.
Қазақстанның құқық қорғау және арнайы органдары азаматтардың құқықтарын қорғау және тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

