Caspianlife, 2 желтоқсан. Қашаған кен орны – Қазақстанның ашық теңіз бетіндегі алғашқы жобасы емес. Бұл, ең алдымен, тәуелсіз елдің мұнай-газ саласын жаңа деңгейге көтерген мамандардың еңбегі. NCOC компаниясының қызметкерлері алып айдын ортасындағы бұл жұмысты күн райы қандай болмасын, нәтижелі жалғастырып келеді. Себебі Қашаған – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан әрі суы таяз. Қарт Каспийдің бұл бөлігі үнемі тыныш бола бермейді — жазы аңызақ, қысы қытымыр, өңменіңнен өтер сұп-суық желі де желдері бұл жақта жұмыс істеуді қиындата түседі.
Солтүстік Каспий жобасының Қазақстандағы басқа мұнай-газ кен орындарынан айырмашылығы сол – мұндағы жұмыстың барлық кезеңі — яғни, геологиядан бастап бұрғылау, өндіру және тасымалдауға дейін теңізде жүзеге асады. Бұл өндірістік қызметпен байланысты талапты күшейтуді қажет етеді. Қашаған жобасында мұнайшылар мен теңізшілердің, ұшқыштар мен сүңгуірлердің еңбегі орасан зор.
Бұл материалда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында NCOC компаниясы операторлық ететін Солтүстік Каспий жобасы – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орнының – үздіксіз әрі ең бастысы, қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін мамандықтар туралы қысқаша шолу жасалған.
Мұндағы жұмысты жердің жүрегін тыңдап, сан түрлі қабатындағы сырын оқи білетін геологтар бастайды. Геологияның сан тарауға бөлінетіні белгілі. Сондықтан мұнда мамандар геолог, өндіру инженері, геофизик, петрограф, қабат моделдеу маманы секілді болып бөлінеді. Олар кен орнының бүкіл өмірлік циклін бірге бақылайды. Олардың еңбегі тек теориялық білім емес, командалық жұмыс пен жаңашылдықты талап етеді. Бұл – табиғи ресурсты тиімді әрі қауіпсіз пайдалану, елдің ең ірі мұнай-газ кен орнын тұрақты дамытуды мақсат еткен жандардың жауапкершілігі.
«Мұнай өндіру» дегенді естігенде көпшілігінің ойына алдымен бұрғылау келеді. Бұрғылау мамандары – жердің қабатындағы көмірсутекке жетудің жолын көрсетуші. Олардың басты міндеті – бұрғылау жұмысын дәл әрі қауіпсіз істеу. Бұған бұрғылау кезеңін анықтау, құбыр мен құрал-жабдық таңдау, қауіпсіздік секілді іс-шараны әзірлеу кіреді.
Сондай-ақ, ұңғымалардың жұмысын қамтамасыз ету, өндірісті үздіксіз жүргізу және ақауды жою – техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін мамандардың міндеті. Олар деректерді талдайды, жабдықты тексереді, ақауды жояды, ұңғымаларды тазалайды және ұңғыма бойымен жіберілетін болат құбырлардың колоннасын қалпына келтіреді. Бұрғылау мен жөндеу – тәжірибені қатты аталап ететін әрі шешуші рөл атқаратын сала. Жоғары білікті маман болу үшін тек теорияны меңгеріп қоймай, өндірісте нақты тәжірибе жинау қажет.
Ұңғымалардан алынған мұнайды дайын өнім деп айтуға болмайды. Экспортқа жібермес бұрын ол техникалық талапқа сәйкес дайындалады. Бұл жерде мұнай-газ жабдығы мамандары маңызды рөл атқарады. Олар барлық кезеңді – өндіруден бастап, сепарация, өңдеу, сақтау және дайын өнімді тиеуге дейінгі процесті бақылайды.
Орталық диспетчерлік – өндірістік процесті басқаратын стратегиялық орталық. Мұнда операторлар тәулік бойы жабдық пен жүйелерді қадағалайды. Олар биыл миллиард баррель мұнай өндірген жобаның көрсеткішін алғашқы боп атап өткен жандар. Қазіргі мұнай-газ индустриясы – адам интеллектісі мен заманауи технологияның үйлесімі. Операторлар тиімділік, қауіпсіздік және экологиялық жауапкершілікті баланста ұстап отыру үшін барын салады.
Мұнай – сапаны қатаң бақылауды қажет ететін өнім. NCOC компаниясында ISO 17025 халықаралық стандарты бойынша аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Бұл жерде мұнай, газ, күкірт, су және басқа да технологиялық сұйықтықтарға талдау жасалады. Зертхана қызметкерлері кәсібилігімен, қауіпсіздік және стандартты талаптарды қатаң сақтауымен ерекшеленеді. Лаборанттардан кәсіби біліктілік қана емес, ISO 17025 стандарты бойынша оқу, нақты дағды және қауіпті химиялық реагенттермен, өндірістік қауіпсіздік талабымен жұмыс жасай білу қатаң талап етіледі. Өйткені лаборанттар техникалық реттеу саласындағы ұлттық орган — Ұлттық аккредитациялау орталығы бекітетін нәтиженің дұрыстылығына жауапты.
Мұнайдың төгілуіне жол бермеу – өндірістегі ең маңызды міндеттің бірі. Жабдыққа, мамандарды дайындауға және жұмыс қауіпсіздігіне қатаң талап қойылады, әр учаскеде тұрақты мониторинг жүргізіледі. NCOC компаниясында мұнай төгінділеріне әрекет етуге арналған 100-ден астам жоғары білікті маман бар. Олар апат болған жағдайда алғашқы болып қауіп деңгейін бағалап, әрекет жоспарын әзірлейді және бүкіл процесті үйлестіреді.
Солтүстік Каспий жобасындағы бірегей мамандардың бірі – сүңгуірлер. Өндірістік сүңгуірлер теңіз инфрақұрылымының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Олар теңіз түбіндегі жабдықтарды тексеріп, жөндейді, құрылыс-монтаж және дәнекерлеу жұмысын жасайды. Сондай-ақ кемелерді инспекциялайды және жөндейді.
Қашағанда флот та маңызды рөл атқарады. Әрбір кеменің артында кәсіби команда бар, олардың арқасында теңіз операциялары жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Капитан – жауапкершілік ең бірінші кезекте жүктелетін маман. Ол кемеге, командаға, жолаушыларға, жүкке жауап береді. Кеме жұмысына сондай-ақ, капитанның көмекшілері, механиктер, электромеханиктер және матростар атсалысады. Боцман палубада тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайды. NCOC компаниясында теңіз экипажы қашаған кен орнына қажетті құрал-жабдықты тасымалдаумен айналысады.
Жобаның ерекше кезеңінің бірі – әуе қатынасы. Ұшқыштар мұнайшыларға маңызды көмек көрсетеді. Солтүстік Каспий жобасының D жасанды аралында тікұшақ алаңдары бар. Ұшқыштар әуе көліктерін асқан шеберлікпен қондырып-ұшырады, қызметкерлерді тасымалдап, медициналық тұрғыдан қажет болса, эвакуацияны қамтамасыз етеді. Ұшқыш болу – нағыз өнер десе болады: мұнда адам өмірі үшін асқан жауапкершілік жатыр. Өндіріс алаңы – қауіпті аймақ, сондықтан бұл жерде қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс. Әрбір учаскеде кәсіби өрт-құтқару бригадасы кезекшілікте тұрады. Кез-келген төтенше жағдайда бірінші кезекте адамдар эвакуацияланады, содан кейін қауіпсіздік шаралары қолға алынады.
Кез-келген өндірістік, әсіресе мұнай-газ нысаны – қауіпті аймақ саналады. Сондықтан мамандардың, нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – нөмірі бірінші міндет. Солтүстік Каспий жобасының әрбір учаскесінде – ол теңіз үстінде болсын, құрлықта болсын — өрт-сөндіруші, құтқарушылардың кәсіби тобы жұмыс істейді. Олар штатан тыс болған кез-келген жағдай кезінде жедел әрекет етуге сақадай сай дайын. Төтенше жағдай кезінде басты приоритет адамдардың өмірі мен денсаулығына беріледі. Яғни, бірінші кезекте қауіпті учаскеден персмонал эвакуацияланады, содан кейін қауіпсіздік жағы тексеріледі. Нақтырақ айтқанда жарылу қаупі бар газ және өзге де қауіпті заттарға, технологиялық желі бойындағы қысымның төмендеуі, учаскенің тоқ көзінен ажырауына мониторинг жасалады. Тек содан кейін өндірістік аймақтағы аға маманның инструкциясымен арнайы топ өртті сөндіруге кіріседі немесе құтқару операциясына кіріседі.
Мұнай-газ нысандары, әсіресе теңізде орналасқандары — бетон мен металлдан жасалған, технологиялық қондырғылары бар алып кешен. Оларда кез-келген монтаж немесе жөндеу жұмысын істеу үшін құрылыста пайдаланатын сөрелер қажет. Олардың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – құрылыс сөрелерін орнататын мамандардың мойнындағы жауапкершілік. Құрылыс сөрелерін орнату асқан дәлдікті, мұқияттылықты және белгіленген нормалардың қатаң сақталуын талап етеді. Құрылымның әрбір элементі – құбыр, клин, тақта, бекіткіш – жобалық талапқа сәйкес қойылып, тексеріліп, сенімді бекітілуі керек. Ал болмашы өзгеріс тұрақтылықтың болмауына ықпал етуі мүмкін, сондықтан бұл мамандардың тәжірибесі мен дәлдігі ерекше бағаланады. Бұл мамандықты игерген жандардың бойында физикалық күш, техникалық білім және асқан жауапкершілікті тоғысыып жатыр. Олардың еңбегі көбінесе байқала бермейді, бірақ дәл осы мамандардың арқасында құрылыс пен жөндеу жұмысын қауіпсіз істеу үшін жағдай жасалады.
Қазіргі кезде кез-келген ірі өндірісті ауыр, арнайы техникасыз елестету мүмкін емес. Ол әр кезеңде жұмыс істейді – адамдар мен жүктерді тасымалдайды, құрылыстарды салуға көмектеседі, күрделі техникалық операцияларды орындайды. Алайда әр кранның, самосвалдың немесе экскаватордың рулінде еңбегі көп көріне бермейтін бір адам тұрады, ол — арнайы техниканың жүргізушісі-операторы. Оның мамандығы тегіннен-тегін ең жауапты мамандықтардың бірі деп есептелмейді. Бұл жұмыс техникалық білімді, жоғары біліктілікті және мұқияттылықты талап етеді. Сол адамдар күн сайын өндірістің тоқтап қалмауын қамтамасыз етіп, ауқымды және күрделі жұмыстарды істейді.
Мақала басында Қашаған кен орнының Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқандығы айтылды. Бұл жобаның операторына экология мен мұнай өндіру арасындағы тым нәзік тепе-теңдікті сақтауға ерекше жауапкершілік жүктейді. Тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау мәселесі бірінші кезекке шыққан қазіргі жағдайда экологтың рөлі тек маңызды емес, өмірлік қажеттілікке айналды. Экологтар өндірісті қауіпсіз әрі тұрақты етуге көмектеседі. Олар жоспарланған қызметтің қоршаған ортаға әсерін азайту туралы шешімді бағалап, ұсынады; қоршаған ортаны қорғау, ауаға, суға, топыраққа түскен шығарындыларды бақылау шараларының орындалуын тұрақты қадағалайды; заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, сапасын бақылайды. Қашаған сияқты күрделі, жоғары технологиялы теңіз жобасында эколог болып жұмыс істеу үшін қоршаған ортаны қорғау және өмір қауіпсіздігі саласындағы немесе тиісті техникалық жоғары білім қажет. Бұл мамандық тек білімді талап етпейді, экологиялық заңнаманы сақтау міндетін де жүктейді. Экологтың жұмысы – тек кәсібі емес, бұл – біздің планетамыздың болашағы үшін жүктелген жауапкершілік пен миссия.
Теңізде мұнай өндіру – шектеулі кеңістікте, күрделі күн райы жағдайында жүргізілетін, айтарлықтай батылдық пен төзімділікті талап ететін жұмыс. Мұндай еңбек әрбір ер адамның қолынан келе бермейтіндей көрінеді. Дей тұрғанмен, қазір Қашағанда көптеген әйел табысты еңбек етіп жүр. Олардың кәсіби біліктілігі, көшбасшылық қасиеті және жаңашылдыққа ұмтылысы саланың болашағының қалыптасуына ықпал етері сөзсіз. Олардың еңбегі – жоғары деңгейдегі сараптама, жауапкершілік пен үздіксіз дамуды білдіреді. Жобада әйелдердің болуы кәсіби шеберліктің жынысқа қарамайтынын көрсетеді. Олар командалық жұмысты күшейтеді, білім алмасуға және инновацияларды енгізуге ықпал етеді. Әртүрлілік пен инклюзивтік корпоративтік құндылық ретінде маңызды орын алады. Мұнай-газ саласында бұл – тең мүмкіндікті қолдау, қауіпсіз әрі сыйластыққа негізделген орта құру, сондай-ақ әр қызметкердің үлесін мойындау – жынысы, жасы немесе этникалық тегіне қарамастан жүзеге асады.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет болса, Солтүстік Каспий жобасы елдің экономикалық тәуелсіздігіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Ал бұл жобаның артында жоғары білікті, кәсіби мамандар тұр.
















