CaspianLife, 1 желтоқсан. Қазақстандық лоукостер FlyArystan 29 қараша күні Ақтау – Дубай жаңа халықаралық бағыты бойынша алғашқы рейсті орындады.
FlyArystan таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл бағыттағы тұрақты рейстер әзірге аптасына бір рет – сенбі күні жасалады. Ақтаудан ұшу уақыты – 09:10, Дубайға қону – 11:55. Кері бағыттағы ұшақ 13:00-де жолға шығып, 17:50-де Ақтауға жетеді. Күндізгі кесте мен 3,5 сағаттық ұшу уақыты бұл бағытты отбасылық демалыстар мен қысқа сапарларға өте қолайлы етеді.
Қосымша рейстер 16 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін және 2026 жылдың 10–24 наурызы аралығында сейсенбі күндері орындалады.
Ақтау – Дубай билеттерін www.flyarystan.com сайтынан, мобильді қосымшадан және ресми сату арналары арқылы сатып алуға болады. Стандартты тарифке салмағы 5 келіге дейінгі қол жүк және борттағы кездейсоқ таңдалған орын кіреді.

