CaspianLife, 26 қараша. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісінде жеке меншік вагондардың қараусыз тұруы көбейіп, бұл тасымалдау үдерісінің ырғақтылығына кері әсер етіп отыр.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айының он күнінен астам уақыт бойы 2,5 мыңнан астам жұмыс паркінің вагондары станциялық жолдарда қараусыз тұр. Оның 1,5 мыңы — бос, шамамен 500-і — жүктелген вагондар.
«Ұзақ уақыт бойы қараусыз қалудың себептері ҚТЖ-ның қызметіне немесе инфрақұрылымның техникалық жағдайына байланысты емес. Қозғалыссыз тұрған вагондардың шамадан тыс көп болуы станциялардың өткізу қабілетін шектейді, құрамдарды қабылдау мен жөнелтуді қиындатады, телімдік жылдамдықты төмендетеді және жылжымалы құрамның айналымын ұзартады», — делінген ақпаратта.
Тасымалдау процесін тұрақтандыру үшін ҚТЖ жүк жөнелтушілер мен жүк алушыларды станциялық жолдарды босатып, вагондарды уақытылы түсіру және тиеу фронтын дайындау бойынша жедел шаралар қабылдауға шақырады.

