CaspianLife, 25 қараша. Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында Маңғыстау облысында жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр.
Стратегиялық серіктес – Қытайдың «Чжонъюн Интернешнл» компаниялар тобы. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады. Оның айтуынша, инвестициялық жобаның құны – 300 млн доллар. Қазіргі уақытта инвестор өңірде компаниясын тіркеп, Инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттарды дайындап жатыр.
«Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» бағытындағы жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Оның жүзеге асуы жүк жеткізу мерзімін 7–15 күнге қысқартып, көлік шығындарын 18–25%-ға төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
(Қазақстан Премьер-министрі баспасөз қызметінің ақпараты)

