CaspianLife, 25 қараша. Президенттің тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанды негізгі көлік-логистикалық торапқа айналдыру мақсатында ел аумағында бес ірі трансшекаралық хаб іске асырылып жатыр.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шәккәлиев хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде барлық бағыттар бойынша басқарушы компаниялар белгіленіп, инфрақұрылымның белсенді құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылып жатыр. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елдің шығысындағы Хоргос торабы да дамуда. Ол «МЦПС «Хоргос» АЭА мен «Хоргос – Шығыс қақпасы» аймағын қамтиды. Мұнда Қытаймен шекарадағы өткізу қабілетін арттыру үшін SkyHansa халықаралық әуежайы мен жаңа логистикалық кешендер салынып жатыр.
Сонымен қатар Арман Шәккәлиевтің айтуынша, Каспий торабы да қарқынды дамуда. Ақтау мен Құрық порттарында контейнер хабы мен көпфункционалды «Саржа» терминалы салынуда. Батыс Қазақстан облысында Ресейге экспортқа бағытталған «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Ал Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында Индустриалды сауда-логистикалық кешен құрылуда. Ол Қырғызстанмен шекарадағы тауар ағындарын өңдеу және бағыттау қызметін атқармақ.
«Біз инвестициялық жобаларды іске асырудың белсенді кезеңіне өтудеміз. Қазіргі кезеңде жобаларды іс жүзінде іске қосуға, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және бизнесті кооперацияның жаңа форматына тартуға басымдық беріледі. Бұл хабтардың іске қосылуы шекаралас елдермен сауда процестерін айтарлықтай жеделдетуге, өңделген өнім экспортының көлемін 30%-ға арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді министр.
(Қазақстан Премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарламасы)

