CaspianLife, 24 қараша. Атырау облысының Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл және Бейбарыс ауылдарында тышқан тәрізді кеміргіштердің көбейгені бұған дейін хабарланған еді.
Осы жағдайға байланысты өткен аптада екі мектеп пен екі балабақшаның жұмысы уақытша тоқтатылған. Қазіргі уақытта бұл елді мекендерде арнайы қызмет мамандары жеке үйлердің ауласында дератизация жүргізіп жатыр.
Аймақтық коммуникациялар қызметінің (РСК) хабарлауынша, жұмыс көлемі — 100 аула, шамамен 150 мың шаршы метр. Қолданылып жатқан удың қауіптілік класы төртінші деңгейде, яғни адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз екені нақты айтылды.
Бұған дейін ауылдан ұсталған тышқандар арнайы зертханаға сараптамаға жіберілген. Мамандардың айтуынша, әзірге ешқандай қауіпті инфекциялар анықталмаған.
– Зиянкестерге қарсы күреспен айналысатын компаниямен келісімшарт жасалып, 1 000-нан астам үйге дәрілер таратылды. Қосымша уланған дәндер де сатып алынуда. Сондай-ақ дератизация жүргізу бойынша мамандандырылған компаниямен келісім жасалып, Талдыкөл ауылында 47 үйге өңдеу жүргізілді. Дератизация тұрғындардың келісіміне сәйкес кезең-кезеңімен жалғасады, – деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Бұдан бөлек, ауылдарда дезинфекциямен қатар шөп шабу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін үш арнайы техника бөлінген. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл тышқан індерінен құтылуға көмектеседі.
Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайды бақылау және балалардың денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шаралары қабылданған. Бейбарыс ауылындағы А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте және Талдыкөл орта мектебінде дератизация жүргізіліп, 19 қарашадан бастап уақытша онлайн оқыту форматына көшірілді. «Балдырған» және «Айналайын» балабақшаларының жұмысы да дератизация толық аяқталғанша тоқтатылды.

