Caspianlife, 24 қараша. Бұл туралы бірінші вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте айтылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен сенбіде өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін кеңейту мүмкіндігіне қатысты азық-түлік қоржынының алдын ала талдау нәтижелері ұсынылды.
Қарашаның үшінші аптасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының нөлдік өсімімен өтті. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазанда азық-түлік инфляциясына ең көп үлес қосқан өнімдер: қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), жаңа ауланған балық (2,6%), банан (2,8%) және өзге де азық-түлік тауарлары. Сонымен қатар, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда, жылдық көрсеткіш бойынша қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.
«Азық-түлік инфляциясына барлық өңірлердегі үлесті талдау нәтижесінде біз бағаның өсуіне ең көп әсер етіп отырған, бірақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейтін 30 өнімнің тізімін жасадық. Бұл – әртүрлі ет түрлері, жаңа ауланған балық, алма, алмұрт, лимон, шай, сыр, суық қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер. Олардың ішінде импорт үлесі жоғары тауарлар да, ай сайынғы инфляцияға әсер ететін, бірақ жылдық көрсеткішке айтарлықтай ықпал етпейтін өнімдер де бар. Осы тізімнен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізілуі мүмкін 23 позицияны анықтадық. Енді ұсыныстарды бизнестегі серіктестермен талқылайтын боламыз», — деді Айжан Бижанова.
Хабарламада көрсетілгендей, тізімді кеңейту кәсіпкерлер үшін белгілі талаптарды орындауды білдіреді: мәмілелердің ашықтығы, шарттардың ресімделуі, шот-фактуралардың берілуі, фискалдық чек соғу, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.
Бұл шаралар ең сұранысқа ие азық-түлік тауарларының айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және делдалдардың орынсыз әсерін азайтуға бағытталған.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне ұсынылған әрбір позицияны бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен және «Атамекен» ҰКП-мен талқылауды, сондай-ақ импорт құрылымын қосымша зерттеуді тапсырды. Барлық консультациялар аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.

