CaspianLife, 19 қараша. Қазақстанда жыл сайын 3–4 миллионға дейін жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және 2 мыңға жуық тұмау жағдайы тіркеледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы (1 қыркүйектен бастап) 1 461 819 ЖРВИ жағдайы анықталған. Бұл өткен эпидемиологиялық маусымның (2024–2025 жж.) сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% төмен (1 678 904 жағдай).
«Соңғы бір аптада республика бойынша 183 074 ЖРВИ дерегі тіркелді, бұл өткен маусымның сәйкес аптасымен салыстырғанда 16% жоғары», — делінген хабарламада.
Маусым басталғалы зертханалық жолмен расталған 590 тұмау жағдайы анықталды, олардың ішінде:
– 587 жағдай — А (H3N2) типі, Қазақстанда 2001 жылдан бері айналымда жүрген «гонконг тұмауы»;
– 3 жағдай — А (H1N1) типі.
Биыл тұмау вирустарының айналымы 41-аптада (қазанның бірінші жартысы) басталды. Бұл өткен маусымға қарағанда ертерек. Қазақстан аумағында бұрын кездеспеген жаңа тұмау типтері анықталған жоқ.
ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастар басқа да респираторлық вирустарға тексерілуде. Қазіргі кезде риновирустар, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС-вирус және метапневмовирус айналымда жүр.
Жалпы сырқаттанушылық құрылымында балалардың (0–14 жас) үлесі — 66%, ересектер — 34%.
Соңғы аптада мектеп оқушылары арасында 6 мыңнан астам ЖРВИ және 13 тұмау жағдайы тіркелді. Эпидемиялық процеске оқушылардың шамамен 4%-ы тартылған.
Бүгінгі күні 2,1 миллион адам тұмауға қарсы вакцина алды. Вакцина қазіргі айналымдағы штамдарға, оның ішінде А (H3N2) вирусына қарсы тиімді.
Халықты қорғау және медициналық көмекті уақтылы көрсету мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылуда:
– Медициналық ұйымдарда ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдар үшін кіреберісте «фильтр» ұйымдастырылды, температуралық және дезинфекциялық режим күшейтілді.
– Маусымдық аурушаңдық өскен жағдайда қосымша инфекциялық төсек-орындар дайындалған, тыныс жолы симптомдары бар пациенттер ағындары бөлінеді.
– Вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің, жеке қорғаныс құралдарының, дезинфекциялық заттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілген.
– Білім беру ұйымдарында күнделікті мониторинг жүргізіледі, таңертеңгі «фильтр» ұйымдастырылған, санитарлық режим сақталып отыр.
Ел бойынша стационарларда 10 829 инфекциялық төсек әзірленген, олардың шамамен 76%-ы толған.
Сонымен қатар, министрлік «инфекциялық бөлімшелерде жүктеме байқалмайды — барлық өңірде аурушаңдықтың одан әрі өсуі жағдайында жеткілікті төсек қоры бар» екенін атап өтті.
Министрлік эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылап отыр және азаматтарды профилактика шараларын сақтауға шақырады: адамдар көп жиналатын орындарға бармау, үй-жайды желдету, қолды антисептикпен өңдеу және балаларды ауру белгілері байқалғанда үйде қалдыру ұсынылады.

