CaspianLife, 19 қараша. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті білім саласындағы бюджет қаражаттарының ұрлануына қатысты тергеу жүргізуде.
ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында көрсетілгендей, БҚО индустриалды колледжінің директоры колледжге іс жүзінде оқуға қатыспаған 54 студенттің жалған түрде қабылдануын ұйымдастырған. Алайда бұл адамдар құжаттарда нақты студенттер ретінде тіркеліп, оларға жалған бағалар қойылып, қатысу кестелері мен оқу табельдері рәсімделген, стипендиялар есептелген, кейбір жағдайларда – артық мөлшерде төленген.
«Жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылған, соларға стипендия төлемдері аударылған. Банктік карталар колледж директоры немесе оның нұсқауымен басқа тұлғаларға қолма-қол ақша алу және қаражатты әрі қарай пайдалану үшін берілген. Нәтижесінде директор бюджет қаражатынан 49 млн теңгеден астам соманы ұрлаған», — деп хабарланады.
Оған қатысты үй қамағы түріндегі алдын ала шара қолданылған. Сот санкциясымен оның пәтеріне қамау салынған. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша басқа ақпарат жарияланбайды.

