Caspianlife, 18 қараша. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында жеке үйде болған өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жұмыс істейтін Комиссия құрамына Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ), Ішкі істер министрлігі (ІІМ), Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы кірді.
«Зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмекті қоса алғанда, барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу облыс әкімдігіне тапсырылды. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша шешімдер қабылданады. Комиссияның жұмысы ерекше бақылауда», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, өрт бүгін, 18 қараша таңертең Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында болған. Екі қабатты жеке үй толығымен өртке оранған. Өрт сөндірушілер үш адамды ес-түссіз күйде шығарып, дәрігерлерге тапсырды. Үйдің ішінен 12 адамның мәйіті табылды, оның тоғызы — балалар.

