Caspianlife, 18 қараша. БАҚ мәліметінше, өрт Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында ертеңгісін болған.
Екі қабатты жеке үй өртеніп, ТЖД деректері бойынша ғимаратты толық жалын шарпыған. Өрт сөндірушілер ес-түссіз күйдегі үш адамды сыртқа шығарып, дәрігерлерге тапсырған. Үйдің ішінен 12 адамның мәйіті табылды, олардың тоғызы — бала. Алдын ала ақпарат бойынша, үйде қонақтар болған.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрт салдарынан адамдардың қаза болуына қатысты көңіл айтты.
«Үкімет пен облыс әкіміне марқұмдардың жақындарына барлық қажетті көмекті көрсетіп, орын алған қайғылы оқиғаның себептерін анықтау жөнінде тапсырма берілді», — деп жазды Р. Желдібай.

