CaspianLife, 4 қараша. 2020 жылы Атырау қаласының тұрғыны 45 шаршы метр тұрғын үй мен аумағы 0,0679 гектар болатын жер телімін жеке меншігіне сатып алған. Жер телімінің нысаналы мақсаты — тұрғын үй салу және оны пайдалану.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылы қала әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі жер иесіне аталған учаскеде жаңа тұрғын үй салу үшін архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын (АЖТ) берген.
2024 жылы құрылысқа арналған эскиздік жоба келісілген, құрылыс аяқталған соң жаңа тұрғын үй мен жер учаскесіне меншік құқығы тіркеліп, нысанды пайдалануға беру туралы акт рәсімделген.
Алайда 2024 жылдың соңында қала әкімдігі меншік иесіне бұрын берілген эскиздік жобаны келісу туралы шешімнің күшін жою туралы хабарлама жіберген. Себеп ретінде АЖТ-де белгіленген талаптардың орындалмағаны айтылған.
Меншік иесі бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істі қарап, үйдің заңды түрде сатып алынған жер учаскесінде, мемлекеттік органдар берген рұқсаттар мен келісімдерге сәйкес салынғанын анықтаған.
«Эскиздік жобаны келісудің күшін жою туралы әкімдіктің әрекеті талапкердің өз меншігін иелену және пайдалану құқығын шектеді, бұл Конституцияда бекітілген меншіктің қол сұғылмаушылық қағидатына қайшы келеді», — делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Сот әкімдіктің эскиздік жобаны келісуді жою туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жойды.
Бірақ мемлекеттік орган (қалалық әкімдік) шешімге апелляциялық шағым түсірді. Атырау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық алқа жобаны қайта келісу талабын негізсіз деп тапты, себебі мұндай шарттар бастапқы келісу кезінде ғана қойылуы тиіс.
«Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада бұзушылықтар анықталмаған жағдайда бұрын берілген келісімдерді жою мүмкіндігі көзделмеген», — деп атап өтілген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді және орындалды.

