CaspianLife, 3 қараша. Бұл туралы Астанада Қазақстан Премьер-министрінің төрағалығымен өткен «KGIR-2025» жаһандық инвестициялар жөніндегі Қазақстандық дөңгелек үстел барысында жарияланды. Аталған шара – елдің негізгі инвестициялық алаңы болып саналады.
Форум жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай қатысып, шетелдік инвесторлар және трансұлттық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесу барысында ол өңірдің инвестициялық әлеуетін, табиғи ресурстарын және өнеркәсіпті дамытудың стратегиялық бағыттарын таныстырды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумға қатысудың басты мақсаты – тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және энергетика, мұнай-газ химиясы мен өнеркәсіп салаларында ынтымақтастықты кеңейту.
Биылғы форумның басты тақырыбы – «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы» болды. Шараға 40 елден 700-ден астам қатысушы жиналды, олардың қатарында мемлекеттік органдар, халықаралық компаниялар мен инвесторлар бар.
Форум аясында инвестициялық жобалар бойынша коммерциялық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Солардың ішінде Маңғыстау облысына қатысты екі ірі жоба бар:
-
«Qazaq LNG Mangistau» ЖШС – сұйытылған табиғи газ өндіру зауытының құрылысы;
-
«Prime Methanol» ЖШС – метанол өндіру зауытының құрылысы.
«Екі жобаны да канадалық “Condor Energies Inc.” және “EurAsia Resource Value SE” компаниялары қолға алған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды», — делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, жобаларды іске асыру нәтижесінде жыл сайын 145 мың тонна сұйытылған табиғи газ және 100 мың тонна метанол өндірілетін болады. Бұл Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосады.

