Caspianlife, 31 қазан. 3 қарашадан 1 желтоқсанға дейін Қазақстанда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін өтінім қабылдау басталады. Бағдарлама азаматтарға тиімді шарттармен өз баспанасын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаға «Отбасы банкінің» барлық салымшылары, сондай-ақ депозитінде кемінде 2 миллион теңге жинақ ақшасы бар және соңғы бес жылда (отбас мүшелерін қоса алғанда) тұрғын үйге иелік етпеген азаматтар қатыса алады.
Өтінім беру процесі толығымен онлайн форматта Baspana Market платформасы арқылы жүзеге асырылады. Қатысушылар жеке кабинетке кіріп, өтінім қалдырып, нәтижесін күтуі қажет. Өтінім беру жөніндегі толық нұсқаулық банк парақшасындағы «Наурыз» бөлімінде, өзекті стористерде орналастырылған.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна мөлшері — таза әрлеуі бар жаңа тұрғын үй сатып алғанда 10%-дан, ал әрлеусіз немесе екінші нарықтағы тұрғын үй сатып алғанда 20%-дан басталады. Пайыздық мөлшерлеме әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтар үшін 7% (ЖТСМ — 7,1%), ал басқа қатысушылар үшін 9% (ЖТСМ — 9,4%) деңгейінде белгіленген.
Қарыздың ең жоғарғы сомасы өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін, ал Астана мен Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін құрайды. Несие мерзімі — 19 жылға дейін.
«Бағдарлама аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан (жаңа тұрғын үйлерден) Астана, Алматы және облыс орталықтарынан алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін тұрғын үйді алғашқы және екінші нарықтан алу мүмкіндігі қарастырылған. Барлық жылжымайтын мүлік нысандары Baspana Market порталы арқылы таңдалады», — делінген хабарламада.

