Caspianlife, 31 тамыз. Ресей Федерациясынан жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың сыбайласы экстрадицияланды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан шетелден әкелінген жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесін Жетісу облысына экстрадициялады.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының маманы бола тұра, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында автокөлік иелерін тауып, көліктерді бастапқы тіркеу алымдары төленгені туралы ақпараттық жүйеге жалған деректер енгізу арқылы заңсыз тіркеген.
«Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде 481 көлік заңсыз есепке қойылып, мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірілді — бюджетке 3,7 млрд теңге көлемінде міндетті төлемдер түспеген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті ізін жасырып, халықаралық іздеуге жарияланды», — делінген хабарламада.
Биыл наурыз айында ол Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Прокуратураның түсіндіруінше, бұл қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы көзделген.

