Caspianlife, 30 қазан. Бұл мәліметтер Астрахань облысының сыртқы байланыстар жөніндегі министрі Владимир Головков пен Қазақстан Республикасының Астрахандағы Бас консулы Қанат Хасеновтің кездесуінде айтылды.
Астрахань облысы губернаторының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тараптар Астрахань облысының агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Қазақстан нарығына экспорттау көлемін арттыру мәселелерін талқылады.
Статистикалық деректерге сәйкес, биылғы жылдың тоғыз айында Астрахань облысынан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өсіп, 20 мың тоннаны құрады. Көрші елге 6,6 мың тонна көкөніс, 1,5 мың тонна балық пен балық өнімі, 180 келі бекіре уылдырығы, сондай-ақ 2 мың дана жеміс ағашының көшеттері жөнелтілді. Биыл Қазақстанға күріш пен күріш жармасын, қырыққабат, сәбіз, қызылша, асқабақ пен баклажан жеткізу қайта жанданды. Сонымен қатар құлпынай жөнелтілгені тіркелді.
«Астрахань өнімдері қазақстандық тұтынушыларды сапасы, түр-түрі және бағасы жағынан қанағаттандырады. Біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр», — деп атап өтті Владимир Головков.

