Caspianlife, 28 қазан. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шалғай ауылдық елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Аймақтық коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, бүгінгі таңда өңірдегі 153 елді мекеннің 146-сы интернетке қосылған. 14 ауылды интернетке қосу жұмыстары «Jusan Mobile» АҚ-мен бірлесіп, OneWeb спутниктік технологиясы арқылы жүзеге асырылды. Интернет желісіне келесі ауылдар қосылған:
Исатай ауданында – Амангелді, Ауқайран, Мыңтөбе, Айбас және Жасқайрат;
Құрманғазы ауданында – Шайхы;
Махамбет ауданында – Бала Ораз, Кеңөріс және Есмахан;
Индер ауданында – Қызылжар, Ақтан және Кетебай;
Қызылқоға ауданында – Бұқар;
Жылыой ауданында – Қараша.
— Байланыс сапасын жақсарту мақсатында биыл 7 100 абонентті талшықты-оптикалық желіге көшіру, 31 шақырым оптикалық кабель төсеу, 156 базалық станцияны жаңғырту және 5G технологиясымен жабдықталған 133 жаңа базалық станция орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының 2025–2027 жылдарға арналған жоспарына сәйкес облыстың тағы 43 ауылдық елді мекеніне талшықты интернет жүргізу көзделген, – деді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов.
ӨКҚ мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы байланыс сапасын қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысында бес антенна-мачталық құрылым (АМҚ) салу жоспарланған. Бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, Жылыой, Махамбет және Қызылқоға аудандарында сараптамадан өтті.

