CaspianLife, 24 қазан. Ұрпаққа сапалы білім беру — ұлтты дамытудың іргетасы. Бірақ, STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер және математика) бағытындағы ресурс пен мүмкіншілікке барлық оқушының бірдей қол жеткізе алмасы белгілі. Осы олқылықты жою мақсатында Chevron корпорациясының қолдауымен Caravan of Knowledge қоры Қазақстанда STEAM Tulpar жобасын іске қосты. Осы жобаның көмегімен облыс, аудан, ауылдардағы мектеп оқушыларына білім беріп, инновациялық дағдыларды дамыту, нақты айтқанда талантты жас ұрпақты тәрбиелеу көзделген. Қазір әлемдік дамудың басты бағыты — инновация мен технология. Осы тұрғыда STEAM-білім – жас ұрпақтың шығармашылық және сыни ойлау қабілетін қалыптастырып, еңбек нарығына қажетті дағдыны дамытуда маңызды рөл атқарады.
STEAM Tulpar деген не? Бұл — Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, мектеп оқушыларына интерактивті және тәжірибеге негізделген сабақ өткізетін жылжымалы STEAM зертханасы. Көлік заманауи құрал-жабдықпен толыққанды қамтамасыз етілген: Оның ішінде инженерлік және робототехникалық жиынтықтар, 3D модельдеу мен бағдарламалау құрылғылары, химия және физика пәндері бойынша тәжірибе жасауға арналған құралдар, интерактивті тақта мен мультимедиалық жүйелер орналастырылған. Мобильді зертхана түрлі мектептің қажеттілігіне қарай алдын ала жасалған кесте кесте бойынша сапар шегеді. Осылайша, STEAM Tulpar ғылым мен технологияны жеткізіп, балалардың көзін ашып, армандарына қанат бітіріп жүр десе болады.
2025 жылы STEAM Tulpar Қазақстанның бірнеше өңірін қамтып, ондаған мектептің 300-ге жуық оқушысына тәжірибелік сабақ өткізді. Нақты сапар бағыты мен уақыты туралы айтар болсақ, наурыз айында Алматы облысына қарасты Қосөзен ауылындағы №14 мектепте болса, маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында және Жарсуат, Приуралье, Жаңаталап, Успенка ауылының оқушыларымен кездесіп, химия және физика пәндерінен зертханалық сан түрлі тәжірибе өткізді. Шілде айында Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайында және Мойынқұм ауылының жас өнертапқыштары үшін практикалық жобалар ұйымдастырылды. Тамызда Алматы облысы, Іле ауданындағы №44 мектептің оқушылары экологиялық шешімдер тақырыбындағы командалық жобаларға қатысты. Жоба ұйымдастырушыларының алдын ала ойластырылған ыңғайлы бағыттарының арқасында бір жыл ішінде еліміздің ондаған елді мекеніндегі жүздеген оқушы STEAM бағытындағы тәжірибелік сабаққа қатысты.
— «STEAM Tulpar жобасы – тек білім беру бағытындағы бастама емес, ол әлеуметтік даму мен балаларға тең мүмкіндік берудің нақты үлгісі. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде ауыл мектептерінің оқушылары заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, STEAM пәндеріне деген қызығушылық артып, жаңа үйірмелер ашыла бастады. Бұл жобаның мұғалімдерге де орасан зор пайдасы тиді — тәжірибе алмасу және заманауи әдістемелермен танысу мүмкіндігі туды. Оқушылар арасында экологиялық және инженерлік жобалар байқауы өткізіліп, үздік жобалардың иегерлері марапатталды. Бұл – ауыл-аймақтан да талантты, жаңашыл жастардың шығатынын дәлелдейді. Жарты жыл ішінде жылжымалы лабораториямызға оқушылардың, мектеп директорларының, білім басқармасы басшыларының тарапынан біздің жобамызға деген қызығушылықты анық байқадық. Тіпті біздің жобамыз германиялық Phywe компаниясына ұнап, олар қызығып, бізге физикадан лабораториялық эксперименттер жасауға мүмкіндік беретін жабдықты сыйға тартты. Біздің бұл жобамыз тоқтап қалмайды, өйткені білім басқармалары тарапынан қызығушылық, Chevron компаниясының тарапынан қолдау болғандықтан пилоттық режимде айына бір өңірге барып тұруды жалғастырсақ деген жоспарымыз бар. Дегенмен, алдағы уақыттарда сапар уақытын ұзағырақ етіп, бір барғанда 3-4 мектепті емес, бірден 7 мектепті қамтысақ па деген де ойымыз бар. Мысалы көп ұзамай, Атырау облысына сапар шеккелі отырмыз. Ол жақта бір аптадай болып, 11 мектепті қамтуға тырыспақпыз. Қорымыз оншақты бағытта жұмыс істейді. Соның бірі осы Steam tulpar. Біздің қазіргі жасап жүрген дүниемізге сұраныс бар, қызығушылық бар, сондықтан алдағы уақытта әлі де дамытып, қоғам, ұрпақ үшін пайдалы осы жоба туралы түрлі БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көбірек ақпараттандырылса, ол туралы білетін, қатысуға ниет білдіретін жандар қатары арта түсер еді, — дейді Caravan of Knowledge қорының директоры Дарын САЙЫНОВ.
STEAM Tulpar – «Chevron» компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік жауапкершілік саясатының аясында жүзеге асырылып отырған маңызды бастамаларының бірі. Бұл жоба қала мен ауыл мектебі оқушыларының арасындағы алшақтықты жойып, жас ұрпақтың ғылымға, технологияға, инженерия мен өнерге деген қызығушылығын арттыру үшін үлкен үлес қосып отыр. STEAM Tulpar – болашақ инженерлер мен ғалымдардың алғашқы зертханасы, ал оның басты миссиясы – әр баланың арманына жол ашу.
Жанар Низамутдинова








