CaspianLife, 23 қазан. Бүгін Республика күні қарсаңында Ақтау теңіз портындағы 20-шы айлақта ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жағалау күзетінің бірінші дивизионына қарасты «Семей» шағын патрульдік кемесіне мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Бауыржан Абсаматов, Шекара қызметінің жағалау күзеті басқармасының бастығы Талғат Төребаев, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі, Әскери-теңіз күштері өкілдері мен шекара қызметінің ардагерлері қатысты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «іс-шара барысында мемлекеттік ту «Семей» кемесінің экипажына салтанатты түрде табысталып, теңіз дәстүріне сай туды көтеру рәсімі өтті».
Әкімдік мәліметінше, кеме Қазақстанның мемлекеттік шекарасы мен құрлықтық шельфін күзетуге, заңсыз кеме қатынасын, контрабанданы және қарақшылық әрекеттерді болдырмауға арналған. Кеме жоғары жылдамдықты дизельді қозғалтқыштармен жабдықталған және 10 тәулікке дейін автономды жүзу мүмкіндігіне ие. Қарулану құрамында 12,7 мм калибрлі басқарылатын пулеметі бар автоматтандырылған жауынгерлік модуль бар.