Caspianlife, 22 қазан. Бүгін Республика күні қарсаңында Ақтауда «Жаңа құбыр технологиялары» ЖШС-нің екі жаңа өндірістік цехының салтанатты ашылуы өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа қуаттар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мен импортты алмастыру саясатын ілгерілетудің маңызды кезеңі болып табылады. Өндірістік нысандар Ақтау қаласының өнеркәсіп аймағында орналасқан.
Ұсынылған жобалардың бірі — иілгіш полимерлі арматураланған құбырлар шығаратын инновациялық цех. Бұл — Қазақстандағы мұндай типтегі алғашқы оқшауланған өндіріс. Инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге, жылдық өндірістік қуаты – 300 шақырым құбыр. Өнім негізінен мұнай-газ және химия өнеркәсібінде қолданылады.
Екінші цех болат және сорап-компрессорлық құбырлардың ішкі бетіне коррозияға қарсы жабын жағуға арналған. Инвестиция көлемі – 5 млрд теңге, өндірістік қуаты – жылына 600 шақырымға дейін құбыр. Бұл өнім жоғары қысыммен тасымалданатын мұнай, газ және химиялық сұйықтықтар үшін пайдаланылатын болады.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде 125 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс толық қуатына шыққан соң қосымша тағы 25 адам жұмыспен қамтылмақ.
Сурет: Маңғыстау облысы әкімдігінің сайты