Caspianlife, 21 қазан. Қазақстанда елдің қалаларында бірыңғай әрі қауіпсіз интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұлттық Wi-Fi операторын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында хабарланды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба әлеуметтік маңызы бар нысандарда желі орнатуды көздейді. Wi-Fi нүктелері шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медицина мекемелерінде пайда болады.
«Құрылып жатқан инфрақұрылым жасанды интеллект негізіндегі цифрлық сервистер мен шешімдерді дамытуға арналған платформаға айналып, Қазақстанның AI-экономика қалыптастыру бағытын қолдайды», — деді «Freedom Telecom Operations» компаниясының басшысы Қайрат Ахметов.
Жобаның алғашқы кезеңінде он қаладағы 400 орын қамтылады. 2026 жылға қарай желіні 10 мың Wi-Fi нүктесіне дейін, ал 2027 жылға қарай 20 мыңға дейін кеңейту жоспарланған.