Caspianlife, 20 қазан. Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) шикізатты қабылдау уақытша тоқтаған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады:
«БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан Астана мен басқа да өңірлерде газ жетіспеушілігі болуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға газ жеткізу қалыпты режимде, толық көлемде және ешқандай шектеусіз жүзеге асырылуда.
Жеткізілімнің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етіледі. Алынбаған көлемдер қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде жедел түрде толықтырылады, сондықтан ішкі тұтынушылар, соның ішінде елорданың жылу электр орталықтары үшін газ тапшылығы жоқ және күтілмейді.
Серіктестерден алынған алдын ала ақпаратқа сәйкес, жақын уақытта Орынбор газ өңдеу зауытына газ қабылдау қайта жанданады деп күтілуде. Бұған дейін ОГӨЗ-де газ қабылдау уақытша шектелуіне байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтқан болатын.
Бұл шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу жөніндегі міндеттемелердің орындалуына әсер етпейді. ГӨЗ жұмысы толық қалпына келген соң, өндіріс көлемі де жоспарлы деңгейге оралады.
Қарашығанақта өз газ өңдеу зауытын салу мәселесі Үкіметтің стратегиялық басымдығы болып табылады және белсенді түрде қарастырылып жатыр.
Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және алыпқашпа әңгімелерге ермеуге шақырады. Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің тұрақты бақылауында».
(Мәтін ҚР Энергетика министрлігінің ресми Telegram-арнасында жарияланды)