CaspianLife, 20 қазан. Атырау облысы аумағында 20–22 қазан аралығында қару-жарақты, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды тәркілеу, сондай-ақ атыс қаруын иеленушілердің оны сақтау және пайдалану тәртібін тексеру мақсатында «Қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Полиция департаментінің хабарлауынша, шара барысында заңсыз айналымда жүрген атыс қаруы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды анықтау және тәркілеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты азаматтарға өз қаруын сақтау жағдайын тексеріп, оны сақтау және алып жүруге арналған рұқсат құжаттарының мерзімін қадағалау ұсынылады.
«Сонымен қатар Атырау облысының тұрғындарының назарын аударамыз: жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тіркелмеген немесе құжатсыз қалған қару-жарақты, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде полицияға тапсыруға болады. Еске саламыз, мұндай заттарды ерікті түрде өткізген азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.