Caspianlife, 17 қазан. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жұмыс сапары барысында Атыраудағы мұнай-газ химия кешенінің бірқатар маңызды нысандарын аралады.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сапар аясында Санжар Жаркешов жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс барысымен танысты. Қазір пиролиз қондырғысы алаңында қадалар қағу және іргетас орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айының соңына дейін дайын өнім шығарылатын негізгі екінші нысан — полимерлеу қондырғысының құрылысы басталады деп жоспарланған.
«Құрылыс кезеңінің ең қызған шағында жобада 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады, ал іске қосылғаннан кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауыт құрылысы мен іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Кәсіпорын 20-дан астам маркалы полиэтилен өндіреді, оның 40 пайызы — жоғары сапалы премиум санатына жатады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, вице-министр 2022 жылы іске қосылған «KPI» ЖШС полипропилен өндіру зауытына барды. Кәсіпорынның қуаты — жылына 500 мың тонна полипропилен. Өндіріс үдерісі заманауи америкалық технология негізінде жүзеге асырылады. 2022–2024 жылдар аралығында зауыт 456 мың тонна өнім өндіріп, оның 430 мың тоннасын экспортқа жөнелткен.
Биылғы қаңтар–тамыз айларында 230 мың тонна өнім шығарылып, оның 200 мың тоннасы экспортталған. Негізгі экспорт бағыттары — Қытай, Ресей, Түркия және Еуропа елдері. Зауытта қаптама, жиһаз, кілем, бір реттік ыдыс және тұрмыстық бұйымдар өндірісінде пайдаланылатын полипропилен түрлері игерілген.
Сондай-ақ Санжар Жаркешов 2028 жылы іске қосылуы жоспарланған бутадиен және оның туындыларын өндіру жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 339 мың тонна өнім. Құрылыс кезеңінде 2 000-ға жуық, ал пайдалануға берілгеннен кейін 750 тұрақты жұмыс орны ашылады. Негізгі өткізу нарықтары — Қазақстан, Еуропа, ТМД, Қытай және Түркия елдері.
Қазір бірінші технологиялық блок бойынша мердігерді және екінші блоктың кеңейтілген базалық жобасын әзірлеу бойынша мердігерді таңдау рәсімдері жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы басталып, зауыт 2028 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, вице-министр полиэфир геосинтетикалық материалдарын өндіретін «Интаго» ЖШС зауытын аралады. Бұл кәсіпорын аймақта баламасы жоқ және жылына 15 млн шаршы метрге дейін өнім шығара алады. Өндіріс жол құрылысына қажетті материалдардың толық циклін қамтиды, бұл ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында Санжар Жаркешов «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысып, KMG PetroChem кеңсесінде мұнай-газ химия саласындағы жобалар мен терең өңдеу бағытындағы жоспарлар туралы баяндамаларды тыңдады. Сондай-ақ ол «KUS» ЖШС алаңындағы СЭА инфрақұрылымын көріп шықты.
(Сурет: ҚР Энергетика министрлігінің сайты)