Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл шешім үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте қабылданды. Кеңесте азаматтардың игілігі үшін экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Мәліметте атап өтілгендей, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімінде қазіргі заңнамадағыдай 44 қызмет түрі ғана сақталады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнес үшін келесі жеңілдіктерді қамтиды:
— салықтық тексерулердің күшін жою;
— камералдық бақылаудың күшін жою;
— мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беруді тоқтату;
— тіркеуді немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беруді тоқтату.
2026 жылғы 1 сәуірге дейін негізгі қарыз сомасын өтеген жағдайда, салық бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады.
ҚҚС тіркеу шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Сондай-ақ, салық төлеушілерге арналған бір реттік акция өткізіледі – оның аясында камералдық бақылау мен салықтық тексерулерсіз, қарапайым тәртіппен салық органдарынан және әділет органдарынан есептен шығу мүмкіндігі беріледі.
Баспасөз қызметі атап өткендей, бұл шаралар жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.