CaspianLife, 16 қазан. Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың мүддесі үшін экономикалық реформаларды іске асыру барысын реттеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық тарифтердің өсуі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтатылады».
Хабарламада атап өтілгендей, тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы жоспарланған жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданыста болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ішкі нарықты тұрақтандыру қорларының жұмысы жандандырылады. Бұл үшін отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылмақ. Бұл өз кезегінде ӘМАТ санатындағы өнімдердің арзандауына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ өңірлерде негізсіз делдалдарды және сауда үстемесін шамадан тыс арттыру фактілерін анықтау жөніндегі комиссиялардың жұмысын күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді.