Caspianlife, 15 қазан. Бүгін Маңғыстау облысы әкімдігінде өңірдегі сұйытылған мұнай газының айналымы мен қамтамасыз етілуіне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысқа қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Жиын тікелей эфирде көрсетілді.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың айтуынша, Маңғыстау облысы – елдегі сұйытылған мұнай газының ең ірі тұтынушыларының бірі. Өңірдің ай сайынғы қажеттілігі шамамен 18 мың тонна. Негізгі бөлігі «ҚазГПЗ» зауыты арқылы жеткізіледі, ал қалған көлемді бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) қамтамасыз етіп келген.
– Алайда қазан айында АМӨЗ-де жоспарлы жөндеу жұмыстары басталғандықтан, өңірге қажет 3 658 тонна газ теміржол арқылы Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан тасымалдануда. Логистикалық бағыттың өзгеруі жеткізілімдердің кешігуіне және кейбір автогаз құю бекеттерінде кезектердің пайда болуына әкелді, – делінген хабарламада.
Пікір Сансызбаевтың мәлімдеуінше, газ тапшылығына тек жеткізілімдердің кешігуі ғана емес, сонымен қатар кейбір кәсіпкерлердің жауапсыз әрекеттері де себеп болған.
– Бірқатар кәсіпкерлер өздеріне бөлінген газды бекітілген автогаз станцияларына жеткізбей, басқа өңірлерге сатып жібергені анықталды. Сонымен бірге кейбір жаңа станциялар тек қағаз жүзінде тіркеліп, ай сайынғы жеткізілім көлемін көбейту үшін пайдаланылған. Ал іс жүзінде газды басқа бекеттер арқылы сатқан. Бұл жағдай халық арасында наразылық тудырып, әлеуметтік шиеленіс қаупін арттыруы мүмкін. Біз әр литр газдың қайда жөнелтілгенін анықтау үшін толық тексеру жүргіземіз, – деді басқарма басшысы.
2025 жылдың IV тоқсаны бойынша өңірдегі автогаз құю станцияларының саны өткен жылмен салыстырғанда 462-ден 552-ге дейін артқан. Алайда олардың кейбірі тек жеткізілім көлемін ұлғайту үшін тіркеліп, газды басқа бекеттер арқылы сатқан. Мысалы, Бейнеу ауданындағы бірқатар кәсіпкерлерге 1 500 тоннадан астам газ бөлінсе де, оны басқа станциялар арқылы өткізген.
Пікір Сансызбаевтың айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталады, және 1 қарашадан бастап өңірге сұйытылған мұнай газының жеткізілімі толық көлемде қалпына келмек.