Caspianlife, 15 қазан. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Киров су қоймасын соңғы 58 жылда алғаш рет күрделі қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұл туралы бүгін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жобаның аясында ұзындығы 8 шақырымнан асатын «Көшім» арнасын, 3 шақырымнан астам бөгетті, сондай-ақ Первомай, Бударин және Киров-Чижин каналдарын жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 2,2 км-ден асатын екі электр желісі мен ұзындығы 3,77 км сыртқы жарықтандыру жүйесі салынуда. Бейнебақылау жүйелері орнатылып, хабарландыру жүйесін автоматтандыру және бақылау-өткізу пункттерін салу жұмыстары жүргізілуде.
«Жобаны іске асыру Киров су қоймасының сенімділігін арттырып, тұтынушыларға суармалы судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Реконструкция нәтижесінде нысанның сыйымдылығы ұлғайып, функционалдығы жақсарып, Батыс Қазақстан облысындағы 12 мың гектардан астам жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Анықтама:
Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Суының жалпы көлемі – 62,9 млн текше метр. Су қоймасы Орал–Көшім суландыру және суару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.