Caspianlife, 13 қазан. Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне (ҚАЖД) қарасты мекемелерге, соның ішінде ерлер колониясы №15 және тергеу изоляторы №75 нысандарына барды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында ол сотталғандардың ұсталуы жағдайымен танысып, жеке қабылдау өткізді. Сонымен қатар облыс прокуроры жедел-режимдік талаптар мен бақылау рәсімдерінің заңнамаға сәйкестігін тексерді. Ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің негізгі мақсаты тек жазалау емес, сонымен қатар сотталғандарды қоғам өміріне бейімдеу – яғни, оларды қайта әлеуметтендіру екенін атап өтті. Мекеме басшылығына сотталғандардың құқықтарының сақталуын ерекше бақылауда ұстап, осы бағыттағы қадағалауды күшейту тапсырылды.
«Прокуратураның бастамасымен №15 мекеме аумағында заманауи жабдықтармен қамтылған модульдік ғимарат (ауданы 552 м²) және ангар (ауданы 1 760 м²) құрылысы аяқталуға жақын», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, биыл қазан айынан бастап «Вокзал – Тергеу изоляторы» бағыты бойынша тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылғаны атап өтілді.