CaspianLife, 13 қазан. Бүгін Жапонияның Осака қаласында өткен Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі өз жұмысын аяқтайды. Елдер үшін ең маңызды шара – марапаттау рәсімі кеше, 12 қазанда өтті.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Telegram-арнасы хабарлағандай, осы күні өткен EXPO Awards марапаттау рәсімінде Қазақстан павильоны «Theme Development» («Көрме тақырыбын ашу») атты басты номинация бойынша С санатындағы шағын павильондар арасында бірінші орынды иеленді. Бұл санатта 90-нан астам мемлекет қатысты. Қазақстан экспозициясы EXPO 2025 Osaka тақырыбын мазмұнды әрі креативті түрде көрсетуімен жоғары баға алды.
«Дүниежүзілік көрме ашылған сәттен бастап қазақстандық павильон жапондар мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер арасында зор танымалдылыққа ие болды. Қазақстанның мәдениеті, дәстүрі, тарихы, инвестициялық, экономикалық және инновациялық дамуы, сондай-ақ цифрландыру, технология және тұрақты даму саласындағы жетістіктері жайлы мазмұнды әрі қызықты материалдар ұсынылған павильонға жапон және халықаралық БАҚ ерекше назар аударып, оған арналған бірқатар жарияланымдар жасады», – делінген министрліктің хабарламасында.
Көрме барысында қазақстандық павильон ынтымақтастық пен идеялар алмасу алаңына айналды. Осы арқылы елдің жаһандық қауымдастықтағы жауапты әрі ашық серіктес ретіндегі беделі нығая түсті. Павильонда тоғыз іскерлік және мәдени шара өтті.
Солардың ең ауқымдысы – Қазақстанның ұлттық күні, ол 10 тамызда, ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сол күні EXPO National Day Hall алаңында Қазақстан Республикасының туы көтерілді. Ұлттық күн аясында қонақтарға арналған үлкен мәдени бағдарлама өтіп, оған шамамен 3 мың көрермен қатысты.
Көрме кезеңінде «Өмірді біріктіру» (Connecting Lives) кластерінде орналасқан Қазақстан павильонын 1,5 миллионға жуық адам – халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, бизнес, медиа және шығармашылық орта өкілдері тамашалады.
Павильон үшін маңызды оқиғаның бірі – Халықаралық көрмелер бюросының (BIE) Бас хатшысы Димитрий Керкентзестің ресми сапары болды. Ол қазақстандық экспозицияның ұйымдастырылу деңгейін, мазмұнын және құрылымын жоғары бағалады.
Дүниежүзілік EXPO 2025 Osaka көрмесі 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтіп, 160 ел мен 9 халықаралық ұйымды біріктірді, ал келушілер саны 28 миллион адамға жуықтады. Алты ай бойы Юмешима аралындағы алаң «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамды құру» тақырыбындағы жаһандық диалог орталығына айналды.
(Ақпарат көзі – ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі)