Caspianlife, 13 қазан. Мемлекет басшысы 2025 жылдың сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын орындау аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ (ҚМГ) «Өзен Солтүстік» учаскесінде алғашқы іздестіру ұңғымасын бұрғылауға кірісті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Маңғыстаудағы күрделі жоба бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарты биыл маусым айында алынған. Келісімшарт бойынша ең аз жұмыс бағдарламасына тереңдігі 2000 және 1650 метр болатын екі іздестіру ұңғымасын бұрғылау кіреді.
Жобаның операторы – «KMG Barlau» ЖШС. Бұған дейін ҚМГ-нің еншілес компаниясы «Өзен Солтүстік» жобасы бойынша 400 шаршы шақырым аумақта заманауи 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын толық көлемде жүргізген болатын.
Алғашқы іздестіру ұңғымасы жобаны жүзеге асырудың маңызды кезеңі саналады. Оның нәтижелері учаскенің геологиялық құрылымын нақтылауға және мұнай-газ әлеуетін растауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ҚМГ өз күшімен геологиялық барлау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Бұған дейін компания Қызылорда облысындағы «Торғай Палеозой» учаскесінде (5585 м) алғашқы терең іздестіру ұңғымасын бұрғылап, Ақтөбе облысындағы «Қаражар» учаскесінде (3250 м) бұрғылауды аяқтаған.
«ҚазМұнайГаздың» жаңа геологиялық барлау жобалары бойынша стратегиясы елдің ресурстық қорын толықтыруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыруға және отандық мұнай-газ саласын ілгерілетуге бағытталған. Сонымен қатар компания Қазақстанда шетелдік инвесторларды тарта отырып, геологиялық барлауды дамытуда.
«Жалпы алғанда, ҚазМұнайГаз қазіргі уақытта Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттың дамуына ҚМГ жүргізген өңірлік зерттеулер, цифрлық бассейндік модельдеу, перспективалы учаскелерді анықтау және жер қойнауын геологиялық зерттеу аясындағы сейсмикалық барлаудың сәтті нәтижелері негіз болды», — делінген хабарламада.