Caspianlife, 9 қазан. Каспий теңізі акваториясында Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) кемелері он күндік жоспарлы оқу-жаттығу жорығын аяқтады. Жаттығулар теңіз жағалауынан 80 теңіз милі, яғни шамамен 150 шақырым қашықтықта өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқу-жаттығулар экипаждардың кәсіби дайындығын, төзімділігін және өзара іс-қимыл үйлесімділігін сынаған маңызды кезең болды. Үш кезеңнен тұрған оқу барысында әскери қызметшілер негізгі міндеттерді пысықтады: жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада шешім қабылдау, кемелер арасындағы өзара әрекеттесу және жеке құрамның жағадан алыс жерде әрекет етуге дайындығын бағалау.
«Оқу-жаттығу кезінде теңізшілер техникамен жұмыс істеуді, атыс дайындығын, маневр жасауды және кемелер арасындағы үйлесімді әрекетті игерді. Алынған білім мен тәжірибе жеке құрамның жауынгерлік даярлығын одан әрі арттыруға негіз болады», — делінген хабарламада.
Алдағы уақытта оқу-жаттығулар ауқымын кеңейтіп, қосымша бөлімшелерді тарту, жаңа тактикалық сценарийлерді пысықтау және заманауи оқыту әдістерін енгізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін нығайтуға және кез келген күрделі міндеттерді орындауға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.
(Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі)