CaspianLife, 9 қазан. Бұл туралы 7–10 қазан аралығында өтіп жатқан XIV Петербург халықаралық газ форумында (ПМГФ-2025) ресейлік «Газпром» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, жұмыс кездесуінде «Газпром» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Миллер мен Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Роман Скляр газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Тараптар Қазақстанның табиғи газға деген өсіп келе жатқан сұранысын ескере отырып, ұзақ мерзімді серіктестікке бағытталғанын атап өтті.
«Ресейде қазақстандық газды ұзақ мерзімді өңдеу жөніндегі негізгі шарттар туралы келісімге қол қойылды. Құжатта Қарашығанақ кен орнындағы газды Орынбор газ өңдеу зауытының қуатында өңдеу саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластықтар бекітілген. Аталған зауыт жаңғыртудан өтеді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға да қол қойылғаны атап өтілді.
Сурет: «Газпром» сайты