CaspianLife, 8 қазан. В.Н. Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университеті Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарын ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде нығайтып келеді.
Астрахань облысының сыртқы байланыстар министрлігі хабарлағандай, өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – тәжірибе алмасу болып табылады. Жуырда алғашқы әдістемелік онлайн-семинар өтті. Онда В.Н. Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультетінің деканы міндетін атқарушы Мария Лаптева мен орыс тілі кафедрасының доценті Юлия Васильева Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әріптестерімен орыс тілі мен әдебиетін оқыту тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстандық серіктес оқу орнынан онлайн-семинарға орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы Узима Жұмағалиева, доцент Сауле Дутбаева және профессор Анастасия Умурзакова қатысты.
Семинар барысында Мария Лаптева орыс тілі мен әдебиетін оқыту үдерісін ұйымдастыру, студенттер мен оқытушыларға, соның ішінде шетелдік қатысушыларға арналған қосымша білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары туралы айтты.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өкілдері В.Н. Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультетінің даярлық бағыттары мен мамандану профилдері, оқу жоспарларының ерекшеліктері, оқу формалары мен қорытынды аттестация талаптары, сондай-ақ студенттерде қалыптастырылатын құзыреттер туралы ақпарат алды.
Келісім бойынша, келесі онлайн-кездесуде тараптар орыс тілі мен әдебиетін оқытудың инновациялық әдістерін енгізу тәжірибесімен бөлісетін болды.
(Сурет: В.Н. Татищев атындағы АГУ баспасөз қызметі)