Caspianlife, 8 қазан. 2025 жылғы 26 қыркүйектен бастап Қазақстанда ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл — ұлттық бизнесті қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады. Таратылған ақпаратқа сәйкес, енді ірі және орта сауда нысандарында (1–4 санаттағы) сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық тауарларға — азық-түлікке де, азық-түлік емес тауарларға да — бөлінуі тиіс.
«Бұл дегеніміз, ірі сауда желілерінің сөрелерінде қазақстандық тұрмыстық химия өнімдері, косметика, тоқыма бұйымдары, үйге арналған тауарлар және басқа да өнімдер көбейеді. Бұл — жергілікті кәсіпкерлерге тікелей қолдау. Енді кез келген отандық өндіруші немесе оның өкілі жазбаша өтінім арқылы өз өнімін қою үшін сауда алаңын ала алады. Нақты тетік кедергілерді жойып, сөрелерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді», — делінген хабарламада.
Мұндай шаралар әсіресе өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары үшін өзекті. Себебі олар көп жылдар бойы бөлшек сауда желілеріне шығуда қиындықтарға тап болып келген.
«Бұл — жергілікті өндірушілерге тікелей қолдау және ұлттық брендтердің танымал сауда нүктелеріндегі үлесін арттыру. Аталған шешім химия өнеркәсібі өндірушілерін қоса алғанда, өңдеуші сала үшін көптен күткен қадам», — деді парфюмерия, косметика және тұрмыстық химия өнімдері өндірушілер қауымдастығы төраға орынбасары Наталья Богомазова.
Жаңа ережелер 1–4 санаттағы сауда нысандарына қатысты: яғни ауданы 10 мың шаршы метрден асатын гипермаркеттерден бастап, 100–500 шаршы метр аралығындағы дүкендерге дейін. Ал 5-санаттағы шағын сауда нүктелері (ауданы 100 м²-ден аз) бұл тізімге кірмейді. Негізгі назар — сатып алушылар ағыны мен сатылым көлемі жоғары сауда форматтарына аударылған.
«Атамекен» ҰКП өңдеуші өнеркәсіп департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекованың айтуынша, қазақстандық тауарлардың сауда желілерінде кеңінен ұсынылуы сатылымның өсуіне, жергілікті брендтердің танымал болуына, өндіріс көлемінің артуына және импорт үлесінің төмендеуіне ықпал етеді.
«Бұл шешімге дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйелі жұмыс жүргізді. Айта кетерлігі, 2024 жылғы 8 қарашада өткен шағын және орта бизнес форумы аясындағы көрмеде премьер-министр Олжас Бектеновтың қолдау білдіруі шешуші сәт болды. Бүгінде бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл нәтижесінде отандық өнімдердің бөлшек сауда нарығында тұрақты орын алуына мүмкіндік беретін нақты тетік іске асырылды», — делінген «Атамекен» ҰКП хабарламасында.