Caspianlife, 7 қазан. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) отандық жеткізушілерден сатып алынатын өнім көлемін арттырудың арқасында қазақстандық үлесті 71 %-ға дейін жеткізіп, өз рекордын жаңартты.
Бұл туралы ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов KAZENERGY Energy Week — XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясындағы шара барысында айтты. Форумның бір сессиясы қазақстандық өндірістік компанияларды дамытуға арналды, онда еліміздің мұнай-газ саласының ірі компаниялары жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған бастамалары мен бағдарламаларын таныстырды.
«ТШО қазақстандық үлесті арттыру — ел үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін жақсы түсінеді. Осы бағытты қолдау мақсатында біз тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша қазақстандық үлесті ұлғайтуға жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз», — деді өз сөзінде К. Сүйесінов.
Оның айтуынша, ТШО серіктестері — PSI Energy және QMOZ (Қарасай машина өндіру зауыты) компаниялары алғашқы модульдік қосалқы стансаның құрылысын сәтті аяқтады. Ұзындығы 38 метр болатын бұл екі қабатты ғимараттар — Қазақстанда салынған ең ірі модульдік қосалқы стансалар. Олар 800 мыңнан астам адам-сағаттық еңбектің нәтижесінде ешбір жазатайым оқиғасыз жасалған. Әр модульдің салмағы 92 тоннаға дейін жетеді, барлығы Қазақстан аумағында жасалып, жиналып, кешенді сынақтан өткізілген.
Қазір модульдердің бірі Теңіз кен орнында орнатылды, ал екіншісі қазан айының соңына дейін жеткізіліп, монтаждалады. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл қосалқы стансалар өндірістік нысандардың қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және көптеген жылдар бойы қызмет етпек.



