CaspianLife, 6 қазан. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Каспий макроаймағындағы қауіпсіздік мәселелері: халықаралық қатынастар, экология және тұрақты даму» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференция оқу орнының 85 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Ғылыми жиынға еліміздің және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары онлайн және офлайн форматта қатысты.
Қатысушылар Каспий аймағындағы геосаяси жағдайды, экологиялық мәселелерді және тұрақты даму бағыттарын талқылады. Конференция барысында Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы, аймақтың техникалық және технологиялық даму болашағы, балық шаруашылығының қазіргі жағдайы және өңірдің халықаралық жобалардағы рөлі туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды.
«Іс-шараға Иран, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысып, Каспий өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастық мәселелеріне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті», — делінген хабарламада.

